АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Ресей президентінің өкілі Александр Лаврентьев Астанадағы Сирия мәселесі бойынша кезекті халықаралық кездесуде қаралатын проблемаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресей Федерациясының Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев
© Sputnik / Санат Имангалиев
Ресей делегациясын бастап келген Лаврентьев осы жолғы кездесу қиын жағдайда өтіп жатқанын ерекше атап өтті. Газа секторында әскери іс-қимылдар тоқтамай жатыр. Израиль Ливанды жаппай бомбалауға кірісті. Адам шығыны азаймай отыр.
"Біз бұның барлығын бүгінгі кездесуде қарастырып қана қоймай, осы қақтығыстардың Сирияның өзіне қалай әсер ететінін талқылаймыз. Ал оның әсері қатты, қазір Сириядағы жағдай қиын болып тұр. Батыста да, шығыста да радикалды топтар белсенді әрекет ете бастады. Ислам мемлекеті дейтіндер де үкімет күштеріне қарсы жиі шығып жүр. Осының бәрі бізді алаңдатады. Себебі Сирия Араб Республикасындағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысып жатқан күштер бар. Оған жол бермеуіміз керек", - деді Лаврентьев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, Сириядағы жағдай ушығып кетсе, көрші елдерге де оңай болмайды. Барлық аймақтың қауіпсіздігіне әсер етеді.
Ресей Федерациясының Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Бүгін кепілгер мемлекеттер - Иран мен Түркиямен бірге осы мәселелерді талқылаймыз. Әрине, Сирияның көршілері - Ирак, Иордания мен Ливанның пікірін тыңдағымыз келіп отыр. Осы жолғы кездесуге Халықаралық Қызыл крест ұйымның өкілі де қатысып жатыр. Бұл өте маңызды. Себебі Ливандағы жағдай күрделі, босқындар көбейіп кетті. Сирияның өзіне де қолдау жасау мәселелері де талқыланады", - деп атап өтті Лаврентьев.
Айта кетері, бүгін Астанада Сирия бойынша келіссөздердің 22-ші раунды басталды. 11-12 қарашаға жоспарланған іс-шараларға Астана процесінің кепіл елдері – Ресей, Түркия және Иранның Сириядағы жағдайды реттеу мәселелерін қадағалайтын жоғары өкілдер деңгейіндегі делегациялары қатысады.