Полицейлер жүргізушілерге үндеу жасады

Sputnik
АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының бұзылуына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлады Polisia.kz.
Ауа райы құбылып тұрған Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары, сондай-ақ елордадағы трассаларда тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр.
"Боран мен көктайғақ салдарынан жолдарда қауіпті жағдайлар туындауы мүмкін. Жол апатының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сіздерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Көру мүмкіндігінің азаятынын ескере отырып, жылдамдықты асырмауды сұраймыз. Маневр жасаудан аулақ болыңыздар, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтаңыздар", – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Сондай-ақ полиция жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде өте мұқият болу қажеттігін ескертті. Автокөліктің техникалық жағдайын тексеру және қысқы доңғалақтарды пайдалану өте маңызды. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапарға шықпау керек. SMS-хабарландырулар мен ресми дереккөздердегі ақпаратты назардан тыс қалдырмаған жөн.
Төтенше жағдай орын алса, 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметке, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуға болады.
Ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше автожол жабылды