АСТАНА, 10 қараша– Sputnik. Алматыда Ұлттық ұланның әскери жасағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде есірткі жасырды деген күдікпен жас жігітті ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
8 қараша сағат 21:40 шамасында 5571 әскери бөлімінің әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нұрдәурен Айтмағанбет және патрульші қатардағы жауынгерлер Айбек Байтулел мен Тимур Чабиков 8-шағын ауданда қызмет атқару кезінде күдіктіні байқаған. Бұл туралы дереу әскери жасақ бойынша кезекшіге хабарлаған.
Әскери қызметшілер оның тұрғын үйлердің ауласындағы ағаштардың арасынан бірдеңе іздеп жатқанын көрген.
"Ол бізге күдікті болып көрінді. Сосын оған жақындадық. Күдікті қашуға тырысты, бірақ біз оны ұстап алдық. Сол жерден ерекше иісі бар есірткі заты табылды", – дейді Нұрдәурен Айтмағанбет.
Әрі қарай күдікті оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне берілді.