АСТАНА, 9 қараша - Sputnik. Ақтөбе облысының әкімдігі тікұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді,
Олар стационарда, жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап береді, деп атап өтті әкімдік.
"Сарыжар ауылында тікұшақтың құлағаны туралы хабарлама сағат 11.36-да 103 қызметіне келіп түсті. Бір жәбірленуші ауруханаға жетпей қайтыс болды. Ақтөбеде пациенттерді әуеайлақта екі реанимациялық бригада қарсы алды. Күйік шалған екі науқас облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді", - деді облыс әкімдігі.
Қазір зардап шеккендер жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде, диагностика жүргізілуде. Оларға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан барды.
"Қайғылы жағдайға байланысты қаза тапқан адамның ата-анасына, туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Біз оның отбасына барып, көңіл айттық. Оларға барлық қажетті қолдауды облыс әкімдігі көрсетеді. Осы жағдай бойынша тергеу жүргізіледі", - деді Жолдас Батырхан.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында тергеу органдары жұмыс істейді", - деп хабарлады ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы.
Еске сала кетейік, бүгін Ақтөбе облысындағы әуеайлақ аумағында оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде МИ-8 тікұшағы қатты қонып, кейіннен отын бактары өртеніп кетті.