Министр түркістандық диқандарды мақта шаруашылығын дамытуға шақырды

Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және агроөнеркәсіптік кешендердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.
Министр бірқатар кәсіпорындарды, оның ішінде жылына 6 мың тонна көкөніс өндіретін заманауи "Аделя ШҚ" жылыжай кешенін аралады. Жобаның құны 5,1 млрд теңгені құрайды. Кешен француздық RISHEL компаниясының автоматтандырылған қондырғыларымен жабдықталған. Өнімдер ішкі және сыртқы нарыққа шығарылады. Алдағы 5 жылда облыста су үнемдеу технологиясымен егістік алқаптарын 216 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Суару технологияларының қолжетімділігін арттыру үшін жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды: "BNK Group", "Тұран Су".
Жыл сайын жергілікті шаруалар 100 мың гектарға дейін мақта егіп, осы жылы 300 мың тоннадан астам өнім алынды. "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров облыстың мақта шаруашылығындағы орасан зор әлеуетіне тоқталып, шаруаларды мақта шаруашылығын дамытуға, озық технологияларды қолдана отырып мақтаның элиталық сорттарын өсіруге шақырды.