АЛМАТЫ, 9 қараша – Sputnik. Ақмола облысы Макинка темір жол станциясында ер адамды пойыз қағып қайтыс болды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
Компания қайғылы оқиға марқұмның абайсыздығынан болған дейді. Оқиға 8 қараша сағат 8.45-те болған.
"Макинка станциясында пойыз жүргізушісі жолдағы адамға байланысты шұғыл тежегішті басқан. Ер адам локомотивтің дыбыстық сигналдарына еш мән бермеген. Қашықтық жақын болғандықтан қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады", - дейді ведомство.
Жас жігіттің құлаққап пен капюшон кигені анықталған. Осы факті бойынша тергеу жүргізілуде.
ҚТЖ жолдардағы жарақаттанудың басты себебі – белгіленбеген жерлерде рельстерді кесіп өтетін азаматтардың абайсыздығы екенін еске салды.