Жыл басынан бері Балқаш көліне 13,5 текше шақырым су жіберілді

Sputnik
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Жыл басынан бері Балқаш көліне Іле өзені арқылы Қапшағай су қоймасынан 13,5 текше шақырым су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Осының нәтижесінде көлдің орташа су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,60 м жетті.
Балқаш көлінің 70%-ға жуық суы трансшекаралық Іле өзені арқылы қалыптасады. Биыл Қытаймен шекара маңындағы Добын гидробекетінен орташа су ағыны секундына 384 текше метр болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17%-ға артық.
"Біз жыл басынан бері Қытай, Ресей және Орталық Азия мемлекеттерімен трансшекаралық өзендер бойынша 28 отырыс өткіздік. Келіссөздер нәтижесінде биыл Қапшағай су қоймасы кейінгі 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100%-ға толды", - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетері, Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанмен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу мәселесі бойынша үкіметаралық келісім жобасын әзірлеп жатыр.