АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Мемлекет кірісіне қосымша 525 млрд теңге аударылды. Бұл туралы Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Комиссия "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңның субъектілерімен жалпы сомасы 525 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекет пайдасына аудару және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы келісім жасауды мақұлдады.
Қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар, Заң субъектілерінің қаржысы есебінен келесі объектілердің құрылысы мақұлданды:
Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен,
Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы,
Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы.
"Қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Биылғы жылдың басынан бастап комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектісінің құрылысы басталды", — деп атап өтті үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Бұған дейін президент тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысындағы Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінді.