АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін журналистерді жинап, Түркістан облысының Отырар ауданында орналасқан "ЗАРЕЧНОЕ" бірлескен кәсіпорнына қарасты кенішке баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Журналистер өндірістік нысандарды аралап, улы қалдықтарды қалай сұрыптайнын көріп шықты. Кәсіпорындағы уран шикізаты өндірісінің барлық қалдықтары түріне қарай бөлінеді де, ережеге сәйкес арнайы бөлінген алаңдарда немесе жинақтағыштарда уақытша орналастырылады.
Осы шаралар қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ал бұрғылау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті барлық зумпфтар мен шұңқырлар тазартылады. Техникалық ақаулыққа байланысты күкірт қышқылының төгілуі сияқты оқиғалар болған жағдайда төгілген сұйықтықты оқшаулау және жинау бойынша жедел шаралар қолға алынады.
"Бұл кәсіпорын уранды қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын сақтай отырып өндіреді. Заңнама талаптарына сәйкес, кен орнындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін учаске мемлекетке бастапқы түрінде қайтарылады, оны арнайы комиссия растайды. Бұдан басқа, заңнаманың талабы бойынша Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында тарату қорлары құрылған, онда жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақты қалпына келтіру және толық қалпына келтіру үшін қаржы жиналады", - дейді "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Манас Ысқақов.
Сондай-ақ журналистерге уақытша сақтаудың арнайы жабық алаңында жиналып сақталатын төмен радиоактивті қалдықтарды жіктеу рәсімі көрсетілді. Ондай қалдықтар компанияның аймағынан алыс орналасқан көму орындарына жіберіледі.
Айта кетері, әлеуметтік желіде тараған видеоны нақты кім және қай жерде түсіргенін анықталмады.