Ресей өз бостандығы үшін күресіп жатыр – Путин

Ресей президенті "Валдай" халықаралық пікірсайыс клубының пленарлық отырысына қатысты
Sputnik
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. "Валдай" пікірсайыс клубының отырысында сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин жаңа жаһандық сын-қатерлер, қазіргі заманғы батыс либерализмінің дағдарысы және тағы басқа мәселелерге ой жүгіртті. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Бізбен бірге болмағандар бізге қарсы" формуласы қауіпті", - деді Путин. Ол сондай-ақ "Не ексең, соны орасың" деген нақыл сөзді еске салды.
Өз қалауын біреуге таңуға ұмтылу оны жасап отырғандарға – АҚШ пен Еуропа мемлекеттеріне де зиянын тигізеді. Бірақ Батыс та мұны түсінетін болар, деп үміттенді Путин.
"Біздің қарсыластарымыздан айырмашылығымыз, Ресей Батыс өркениетін жау ретінде қабылдамайды және диалогқа ашық. Бірақ Батыс даму үшін орасан зор ресурстарға ие екеніне қарамастан, бұл әлемдік жүйенің бір ғана элементі екенін түсінуі керек", - деп баса айтты ол.
"Ресей әлемге керек және Вашингтон мен Брюссель басшыларының ешбір шешімі мұны өзгертпейді. Қазіргі саяси мейнстрим (негізгі ағым) – "төмендеп бара жатқан гегемондық әлемнен өсіп келе жатқан сан алуандыққа қадам басу".
Ол сондай-ақ тең шарттармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретін БРИКС рөлі туралы айтты.
Баршаға әділдік – үйлесімді әлемнің тағы бір тірегі. Және, әрине, егемендік принципін ұстану қажет, деп атап өтті Путин.
Оның пайымынша қазір Батыс Ресейге қарсы барлық амалды қолдануда. Атап айтқанда, украиндарды "орысқа қарсы қойып, оққа жем қылып жатыр".
"Біз өзімізді, халқымызды қорғап жатырмыз", - деп мәлімдеді Путин.
Путин Ресейдің өмір сүруі – бүкіл әлемнің табысты дамуының кілті екенін және бұл президенттің сөзі ғана емес, ол туралы планетаның әртүрлі бөлігінен көптеген адамнан естігенін айтты.
"Ресей бүгінде өз бостандығы, құқықтары, егемендігі үшін күресуде", - деп жалғастырды Ресей басшысы.
Путин Трамптың Украинаға қатысты мәлімдемесіне де баға берді.
"Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіруге, Украина дағдарысын шешуге ұмтыламын деуінің өзі жоқ дегенде назар аударуға тұрарлық секілді", - деді Ресей басшысы.
Сонымен бірге қауіп-қатер күшейген жағдайда Батыс елдері ядролық қаруды қолданбайтынына ешкім кепілдік бермейді, деді Ресей президенті Владимир Путин.
"Халықаралық қақтығыстар екі жақты да жойып жібереді. Өйткені қазір ондай қару бар және технология дамыған сайын жетілдіріліп, жаңа формасы шығып жатыр. Ал ондай қаруды иеленетіндер клубы кеңейіп келеді", - деді Путин.
Еуропада парасатты саясаткерлер бар, бірақ олардың саны өте аз – оларды саусақпен санауға болады, деді Ресей президенті Владимир Путин.
"Ол (Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер – ред.) өте әдепті және парасатты адам. Еуропада мұндай адамдар көп емес, саусақпен санарлық. Бір қолдың саусағынан аспайды", - деді Путин "Валдай" халықаралық пікірсайыс клубының отырысында.
Ол, мысалы, Шредердің Американың Иракқа араласуына қарсы болғанын еске салды. Сонымен қатар, оның ойынша, бұрынғы канцлер әрқашан Германияның мүддесі үшін әрекет еткен.
Ол Таяу Шығыстағы қақтығыс туралы да айтты.
"Бұл мәселе бойынша біздің өз ойымыз бар... Жалпы, туннельдің соңындағы жарық көрінуі мүмкін", - деді президент.
Оның айтуынша ұзақ мерзімді перспективада Ресей БҰҰ-ның тиісті қарарларын орындауды, соның ішінде тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды жақтайды.
Мәскеу қақтығыстың барлық тарабымен тұрақты байланыс орнатқан. Путиннің пікірінше, қақтығысты реттеу екіталай болып көрінсе де, бітімге келуге мүмкіндік бар.
"Менің ойымша, енді текетірестің әрі қарай өршуін ешкім қаламайтын сияқты", - деді ол.