АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Алматылықтар биыл жыл басынан бері медициналық сақтандыру қорына 161 млрд теңгеден астам қаржы аударды, деп хабарлады Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Орта есеппен алматылықтардың ай сайынғы жарналары мен аударымының мөлшері 15-16 млрд теңге болды. Жалпы биыл еліміз бойынша қорға 911 млрд теңге түскен.
"Түскен қаржының басым бөлігі – жұмыс берушілердің қарамағындағы қызметкерлер үшін жасаған аударымдары. 10 айда жұмыс берушілерден 89 млрд теңге түскен. Жалдамалы жұмыскерлердің жарнасы 58,7 млрд теңге болды", - дейді МСҚ Алматы филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.
Сонымен қатар МӘМС жарнасын ай сайын жеке кәсіпкерлер де аударады. Өткен 10 айда бұл санат 8,5 млрд теңге, ал азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер 3,3 млрд теңге жарна төлеген.
Соңғы кезде жарнаны өз бетінше төлейтіндер саны артып келеді. Осы жылдың 10 айында олар 1,1 млрд теңге жарна аударған.