АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан президентімен Ресейде қазақ мектептерін ашу мәселесін талқылағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астанаға жұмыс сапарымен келген Лавров бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Оның айтуынша, екі елде орыс және қазақ мектептерін ашу мәселесі талқыланды.
"Бүгін біз Қазақстанда орыс тілінде білім беретін үш мектепті ашу жайын да талқыладық. Қазақстандық достарымыз өз кезегінде тура сондай қазақ тілінде оқытатын бірлескен мектептерді Ресей Федерациясының бірнеше қаласында – Орынбор, Омбы мен Астраханьда ашуға мүдделі. Бұның барлығы позитивті үрдістер. Осындай сұрақтар көп болған сайын біздің одақтастығымызды күшейтетін шешімдер де көп болады",-деді Лавров Астанада өткен брифингте.
Оның айтуынша, екі елдің тарихшылары кіретін бірлескен топ құруға келісім жасалған. Олар ортақ тарихқа қатысты мәселелермен айналысады.