АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның Украинадағы қақтығысты реттеуге үлес қосу мүмкіндігі туралы айтты.
"Қазақстан 27 қыркүйекте Нью-Йорктегі Қытай мен Бразилия шақырған "Бейбітшілік достары" тобының Украинадағы отырысына қатысты. Біз украин дағдарысының түпкі себебін жойып, осы кеңістікте бейбітшілікті қамтамасыз ететін әділ келісімдерге ықпал ету үшін жаһандық Оңтүстік және жаһандық Шығыс мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіріп жатқанын құптадық", - деді Сергей Лавров.
Ол Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2023 жылдың ақпанында жариялаған жаһандық қауіпсіздік бастамасы қандай да бір нақты дағдарысқа арналмағанын, жалпы алғанда әлемдегі кез келген қақтығыстарды шешу үшін қолданылуы тиіс қағидаттарға арналғанын айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі "Бейбітшілік достары" тобына біріккен елдер осы қағидаларды ұстанатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, түпкі себептерді жоймай, тұрақтылық пен қауіпсіздікке жету қиын.
Лавров Ресей Қазақстанның осы мәселелерді шешу үшін жағдай жасауға бағытталған коалиция құруға қатысуын жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
"Біздің серіктестер мәселенің негізгі себебі неде екенін жақсы түсінеді және біз диалогымызды жалғастырамыз. Біз Қазақстанның мен атаған мәселелерді шешуге бағытталған коалиция құру бойынша күш салуын құптаймыз", - деді Лавров.
Лавров Ресей Брюссельдің Украинаға қатысты нақты әрі дұрыс идеяларын тыңдауға дайын екенін, бірақ әзірше ондай идеялар жоқ екенін айтты.
"Әзірге Брюссельден және Еуропа елдерінің тығырыққа әкелетін "Зеленский формуласының" балама жоқтығы туралы айтқандарын ғана естіп жатырмыз", - деді Лавров.
Журналистердің Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы бұл процеске қалай әсер ететіні туралы сұрағына жауап берген Лавров "Мен бұл туралы тіпті болжам жасамаймын" деді.