"Қазылып жатқанына жылдан асты": тұрғындар Шу-Қайнар жолының жөндеу жұмыстарына шағымданды

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Жамбыл облысы Шу ауданындағы республикалық маңызы бар күре жол жөнделмей тұр. Жергілікті тұрғындар әбден мезі болғандарын айтады. Sputnik Қазақстан тілшісі мәселенің мән-жайын біліп қайтты.
Айтылып та, жазылып та жүрген жол проблемасы жуық арады шешілер емес. Алматымен екі ортада қатынайтын күре жолдың бұзылып жатқанына бірнеше жыл болды, дейді Шу ауданының тұрғындары.

"Жолды жасаймыз деп былтыр қазып тастаған. Сол қазған күйі тұр. Көлігімізге обал болды. Жай ауыл арасындағы жол емес, Шу мен Алматыны жалғайтын жол. Қашан жасалады белгісіз", - дейді Қайнар ауылының тұрғыны Әлімсейіт Омаров.

Көлік біткен ауыл сыртындағы айналма жолмен жүр.
"60 шақырым жолды қопарып қазды да тастады. Ары қарай ескі жол, ол ескі жолдың өзі оңып тұрған жоқ. Былтыр шілде айында басталған. Ана жолы жиналыс болып, жақында жасалады деген, бірақ біте қоятын жолға ұқсамайды", - дейді Көкқайнар ауылының Омарбек есімді тұрғыны.
Жамбыл облысы Шу ауданындағы республикалық маңызы бар күре жол
"Қазавтожол" акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы бұл мәселеге қатысты не дейді?
Компания өкілдерінің айтуларынша, "Шу-Қайнар" автомобиль жолын күрделі жөндеу үшін "Теміржол құрылыс-Атырау" ЖШС-мен былтыр 7 маусымда шарт жасалған. Учаскенің жалпы ұзындығы 56 шақырым. Жобаны Іске асыру кезеңі 2023-2025 жыл аралығы деп белгіленген.
"Қазіргі уақытта жерасты коммуникацияларын қайта құру жұмыстары аяқталды, 20 км айналма жол мен 9 су өткізу құбыры орнатылды. 4 көпірдің қозғалысы қамтамасыз етілді, қалған көпірлер бойынша жұмыстар орта есеппен 50%-ке аяқталды", - дейді компания филиалындағылар.
Жамбыл облысы Шу ауданындағы республикалық маңызы бар күре жол
Құрылыс барысында жобада көзделмеген ауыл ішінен өтетін су құбырлары, газ құбырлары мен байланыс желілері анықталған. Бүгінгі таңда бұл мәселелер шешіліп, ауыл ішіндегі учаскедегі құрылыс жұмыстары қайта жанданды, дейді "Қазавтожолдың" Жамбыл облыстық филиал басшылығы.
"Жол-құрылыс материалдарын дайындау жүргізілуде, 23,5 мың м3 қиыршық тас, 94 мың м3 ПГС, 3 мың м3 темірбетон бұйымдары дайындалды", - дейді ведомство.
Жамбыл облысы Шу ауданындағы республикалық маңызы бар күре жол
Айтуларынша, 50 жұмысшысы мен 21 техникасы бар мердігер жұмысты істеп жатыр. Айта кетейік, қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Жол ұзын-ырғасы екі жыл жасалу керек, бір жылы өтсе де жартысы бітпеген.
Қазақстанда бірнеше жол ақылы болады