АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында жеке меншік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысымен әлеуметтік көмек көрсету қарастырылып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік мектептерде оқитын 500 мыңнан астам балаға жалпыға міндетті білім беру шеңберінде тамақтанумен қамтамасыз ету және киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу түрінде көмек көрсетіледі. Барлығы әлеуметтік осал топтарға кіреді.
“Алайда жеке меншік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал санатындағы 25 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек ала алмауда. Осыған орай, меншік нысанына қарамастан осы санаттағы барлық балаларға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілуде”,- деді Бейсембаев мәжілістің жалпы отырысында.