АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Швейцарияның бас прокуроры Стефан Блаттлермен қылмыстық істер бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастық және заңсыз елден шығарылған активтерді қайтару тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
Қадағалау ведомствосының басшысы әріптестеріне жүргізіліп жатқан реформалар туралы, атап айтқанда, заңсыз елден шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы қабылданған заң, Қазақстанның Бас прокуратурасы жанынан тиісті комитет құру және қайтарылған капиталды маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін бөлетін арнайы қор құру туралы хабардар етті.
Берік Асылов 2022 жылдан бері Қазақстанға 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қайтарылғанын айтты, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
“Қазақстанның прокуратурасы шетелдік, соның ішінде швейцариялық инвесторларды құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді, бұл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді”, - делінген хабарламада.
Швейцарияның бас прокуроры Штефан Блаттлер ведомство Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінде көмек көрсетуге дайын екенін растады.
Швейцария Әділет кеңсесінің өкілдері Қазақстанның Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияға қосылуға деген ұмтылысын қолдады.