АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қарағанды облысында бөлшек сауда салығы 2%-ға дейін төмендетілді. Нәтижесінде бөлшек салық төлейтін жеке кәсіпкерлер саны 16 есеге өсіп, 2,5 мыңға жетті. Бұл туралы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.
"Осы жылдың 8 айында ШОБ салықтық түсімдері 16%-ға өсті. Біз шағын және орта кәсіпкерлікке барлық мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз. Мысалы, "Іңкәр 1" металл өңдеу кәсіпорны мемлекеттің қатысуымен адамдар санын 5-тен 115-ке дейін арттырды", – деді Ермағанбет Бөлекбаев.
Қыркүйек айында Teez маркетплэйсі платформасы ашылды. Бұл қойма терминалы алаңында қуаттылығы жылына 27 млн тапсырысқа дейінгі электронды сауданы дамытатын жаңа бағытқа айналады.
Қуаттылығы жылына 50 мың тонна жүкті құрайтын Қарағанды әуежайы жаңғыртылып, жүк терминалына айналдырылады.
Бүгінгі таңда әуежай Эквадор, Нидерланд, Бельгия және Оңтүстік-Шығыс Азиядан коммерциялық жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Болашақта Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша әуе кемелерінің техникалық қонуын ұлғайту жоспарлануда.
Балқаш әуежайын қайта құру да қарқынды жүріп жатыр – жұмыстар оның өткізу қабілетін 30%-ға арттырады және басқа өңірлермен әуе қатынасын кеңейтеді.
"Биыл облыс бойынша 1032 шақырым жолды жөндедік. Негізгі жобалардың қатарында "Қарағанды – Балқаш" автожолын қайта жаңарту бар. Бүгінгі таңда асфальттың жоғарғы қабатын төсеу аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. ", – деді әкім.
Сондай-ақ "Қарағанды – Қарқаралы" автожолының 115 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Қалған 85 шақырым келесі жылы аяқталады. Осылайша, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жол толығымен жөнделеді. Келесі жылы "Қарағанды – Жезқазған" республикалық жолын қайта құру басталады.
Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу аясында 571 шақырым жол жөнделді. Қалалық тасымалдарды жақсарту үшін 83 жаңа автобус сатып алынады, оның 53-і қолданысқа берілді.
Балқаш қаласын дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Мәселен, "Қарағанды – Балқаш" облысішілік пойызының құрамы 4-тен 6 вагонға дейін ұлғайтылды. Балқаш туристік аймағын маркетингтік ілгерілету үшін 2 жыл қатарынан Balkhash Tour Fest өткізіліп келеді.