АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың сауалына жауап бере отырып, мемлекеттік органдар ЛГБТ* қозғалысы насихатының кәмелетке толмағандарға ықпалын зерттеп жатқанын мәлімдеді.
Премьер биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрғанын, оның құрамына парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіргенін еске салды.
"Нәтижесінде "жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы" талап бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды", - деп түсіндірді премьер-министр парламенттің ресми сауалына жауап бере отырып.
Бектеновтың мәліметінше қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеп жатыр.
Бұдан басқа, 2025 жылы осы мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған.
"Барлық қажетті зерттеулер аяқталғаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады. Жалпы мәселе уәкілетті органдар мен Үкіметтің бақылауында", - деп толықтырды премьер.
Құқық қорғау органдарының деректері бойынша елімізде "Калейдоскоп", "Feminita" және "KazFem" деген 3 бейресми бірлестік жұмыс істейді. Олардың қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен байланысты.
Көрсетілген бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған.
Бұл жағдайда олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды (ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 2 белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылды).
"Өз кезегінде ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін", - деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Бірқатар елдің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында "насихаттауды" шектейді.
* ЛГБТ Ресейде тыйым салынған және экстремистік қозғалыс деп танылған.