АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, бүгінде әскерге шақыруға жататын кейбір жастар университеттен кейін оқуды ары қарай жалғастырып, әскерден жалтаруға тырысып жатады. Алдағы уақытта оған шектеу қойылады.
"Бізде әскерге шақыруды кейінге қалдыру деген бар ғой. Мысалы, бакалавриатқа түседі. Оны бітіргеннен кейін магистратураға түседі, әскери міндеті қайтадан кейінгі шегеріледі. Сосын тағы магистратура, тағы магистратура, сөйтіп, екінші-үшінші магистратурасын онлайн оқып, жұмыс істей береді. Бірақ әскерге бармайды. Ал жаңа заң бойынша тағы шектеу болады. Мәселен, бакалавриат мен магистратура оқуға болады, бірақ екінші магистратура әскерді кейінге шегеруге негіз бола алмайды", - дейді Жазықбаев.
Бұдан бөлек, заңда әскерге барған азаматтарға сан алуан жеңілдіктер беру қарастырылған.
Олар:
әскерге барғандар үшін оқуды өтеу міндетін алып тастау;
медициналық комиссия кезінде әскерге шақырылған адамның жұмыс орнын, қызметін және жалақысын сақтау;
әскерге өз еркімен барған жастардың грантын сақтау және әскери қызмет кезінде оны білім беру ұйымынан шығарып жіберуге жол бермеу;
Бұдан бөлек, республикалық және өңірлік деңгейлерде Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады. Кеңестердің негізгі міндеттері:
әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыру барысында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру;
жастардың бойында Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шыншыл ақпарат беру;
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Алдағы уақытта екінші оқылым бар.