Қазақстан өз компанияларына зиян келтірмеу үшін сақтық танытуға мәжбүр – Лавров

Вашингтон мен Брюссельдің талабына байланысты Қазақстан өз компанияларына зиян келтірмеу үшін сақтық танытуға мәжбүр
Sputnik
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Мәскеу Батыс эмиссарларының Ресейге қарсы шектеулерді сақтау бойынша Астанамен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын көріп отыр және қазақстандық компаниялар мен банктерге қарсы қайталама санкцияларды қолдану қаупін біледі, деп хабарлады РИА Новостиге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі республика Ресейге қарсы экономикалық шектеулер енгізбегенін және Қазақстан аумағының санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылғанын қаламайтынын мәлімдеген.
Осыған түсініктеме беруді сұрағанда Лавров "біз айтарлықтай сыртқы қысым жағдайында Қазақстанның байыпты позиция ұстанғанын құптаймыз" деп жауап берді.
"Біз Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің америкалық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында республиканың біздің елімізге қарсы бағытталған біржақты санкцияларды көзсіз орындаудан бас тартуы туралы мәлімдемесін құптаймыз", - деді ол.
Ресейлік министрдің айтуынша, "Батыс эмиссарларының Ресейге қарсы шектеулерді сақтау мәселесі бойынша Астанамен белсенді жұмыс істеп жатқанын Мәскеу көріп-біліп отыр".
"Біз қазақстандық компаниялар мен банктерге қарсы қайталама санкцияларды қолдану, экономикалық операторларды америкалық және еуропалық "қара тізімге" енгізу қаупін білеміз", - деді Лавров.
"Сондықтан біз қазақстандық достарымыздың Ресеймен сауда үшін санкцияларға ұшырауға қатысты алаңдаушылығын түсінеміз. Вашингтон мен Брюссельдің талаптарына байланысты Қазақстан өз компанияларына зиян келтірмеу үшін сақтық танытуға мәжбүр. Менің ойымша, қазақстандық серіктестердің мәлімдемелері ұлттық экономикалық операторларға алаңдаушылықтан туындады", - деп түсіндірді Лавров.
Ол "Батыстың Қазақстанды Ресейден айыру әрекетіне қарамастан, Астанамен ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын" айтты.
Лавров НАТО-ға ескерту жасады