АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Франция президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды.
"Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтады. Атап айтқанда, Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен, өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында ықпалдастық артып келеді", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар "жасыл" энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән береді.
"Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық", – деді мемлекет басшысы.
Президент мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударылатынын атап өтті.
"Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында "Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары" атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар. Бүгін президент Макронмен бірге сол жерге барып, көрмені тамашалаймыз. Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Макрон мырзаға шынайы алғысымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы жетекші жоғары оқу орындары арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды.
"Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап "Люмьер" қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды", – деді президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.
"Барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз халықаралық деңгейде күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге келістік. Жақында One Water Summit жиыны өтеді. Екі елдің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан осы басқосуға дайындық барысын талқыладық. Бұл өте маңызды диалог алаңы болмақ. Сол арқылы біз климаттың өзгеруі мен "жасыл" экономика мәселесіне қатысты әріптестігімізді жандандыра түсеміз деп сенемін", – деді мемлекет басшысы.
Баспасөз брифингі аяқталған соң Қазақстан мен Франция президенттері стратегиялық серіктестікті одан әрі жандандыруға бағытталған Бірлескен декларация қабылдады.