Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымына қосылды

World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылды
Sputnik
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Қазақстанның бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында World Boxing халықаралық бокс федерациясының конгресі өтті. Сол жерде ұйымға қарасты Олимпиадалық комиссияның төрағасы Геннадий Головкин сөз сөйлеп, U19 жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын және конгресті ұйымдастырғаны үшін US Boxing басшылығына алғыс білдірді.
Головкин Португалияда өткен Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясын да еске алды. Соның аясында World Boxing Олимпиадалық комиссиясы әртүрлі елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттерімен және өзге де спорттық ұйымдармен кездесіп, біраз жетістікке қол жеткізген.
Конгресс кезінде Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде 2027 жылғы бокстан әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада шығарылады.
Конгреске қатысушылар World Boxing жарғысына енгізілген өзгерістерді де талқыға салды. Сонымен қатар жарыс өткізу регламентіне енгізілген өзгерістер қабылданды. Атап айтқанда, турнирлер жаңа салмақ дәрежелерінде өткізілетін болады. Сондай-ақ төрешілердің жекпе-жек барысындағы және жеңімпаздарды анықтау кезіндегі жұмысына да өзгерістер енгізілді.
Айта кетері, World Boxing халықаралық бокс федерациясы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. Бүгінде ұйымға 55 мемлекет кіріп отыр.
Бұған дейін Sputnik Қазақстан ХОК пен IBA арасындағы текетірестің негізгі себептерін, сондай-ақ World Boxing не үшін құрылғанын зерделеп шыққан болатын.