АЛМАТЫ, 4 қазан – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Еркін ауылында тұрғын үйде газ жарылып, әйел адам көз жұмды. Марқұмның отбасы қайғылы оқиғаға газ мамандарын кінәлап отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның мән-жайын білді.
Отбасының үлкен ұлы 1 қазандағы трагедияның қалай болғанын айтты.
"Қарындасым түнгі сағат 01:30 шамасында хабарласып, үй жарылып, мамамнан айырылып қалдық деді. Келсем үй өртеніп жатыр, өртті өшірген соң анамның сүйегін алып шықтық. Қарындасым мен інімді жедел жәрдемге тапсырдым", - дейді марқұмның баласы Жандос Санғаджиев.
Үй иесі қызы жұмыстан келгенде шай қойған, жарылыс сол кезде болған.
"Қарындасым түпкі бөлмеге кіріп кеткен. Сол кезде жарылыс болған. Қарындасым мен інім сол қираған керегеден далаға жанұшыра қашқан. Үйде әкем мен анам да болған. Анам сол жарылыс болған бөлмеде жүрген, әкем басқа бөлмеле болған. Айтуынша бірден өрт шыққан", - дейді Жандос Санғаджиев.
Алматы облысында тұрғын үйде газ жарылды
© Sputnik / Айдана Дайырова
Ауылға газ биыл тартылған, бірақ жеке-жеке үйлерге кіргізілмеген. Зардап шеккен отбасы газ мамандарынан газды қосып беруді өтінген.
"Анам ауылдың группасына "газ мамандары газды қосып беріп, газ плитадан 20 минут ауаны шығарыңыз деді. Алайда 20 минут болды газ жоқ" деген аудио хабарлама жіберген. Сырттағы есептегіш аппаратта 10 текше метр газ айналып кеткен. Негізі ауаны сырттағы пломабаны шешіп шығару керек еді. Үйде газдың иісі де болмаған", - дейді зардап шеккен отбасының балалары.
Газ мамандары кешірім де сұрамады, дейді Жандос Санғаджиев. Ал үй иесі ер адам күйікпен ауруханаға түскен.
"Дәрігерлер әкемнің денесі 15% күйген деп жатыр. Менің ойымша одан көп. Тіпті ауруханаға түскендер дұрыстап қарамаған. Керісінше дәрігерлер мен бір қара киімді күзетші неменеге шулатып жатсың деп әкеме сөйлеген. Мен анамнан айырылып отырмын, жауапты газ мамандары жазасын алсын", - дейді марқұм әйелдің балалары.
Ал газ мамандарының айтуынша, оқиғаның түсініксіз тұстары көп.
"Тұрғын үйде газ плита жалғанып тұру керек болған, бірақ бұл үйде жай ғана пропан газға жалғанып тұрған. Біздің мамандар барып газды қоса алмайтынын айтқан, өйткені бұларда да штуцер, шланга деген болмаған, бірақ үй иесі жылуды ғана қосып беруді сұрап қоймаған. Балалар газ плитаны да, ешнәрсені қоспаған. Тек пешті қосып, пломба қойып, есептегіш құрал қойып кеткен", - дейді "Газпроектстрой" ЖШС мамандары.
Газ мамандарының болжамынша үй иесі газды өз бетімен қоспақ болған.
"Газдың ауасын шығармақ болған ба, түсініксіз, газды шығарған. Газдың иісі негізі білінбейді. Сөйтіп группаларына жазған, видеоға түсірген. Газ өз бетімен шыға бастағанда дабыл жүйесі іске қосылған. Ауылдың группасына соны "есептегіш айналып жатыр, дабыл жүйесі ойнап жатыр" деп видео жіберген. Сол кезде ватсап группасына ешкім газ маманын шақыр деп айтпаған", - дейді газ мамандары.
Газды біз үйге кіргіземіз, бірақ пешті қоспаймыз. Оны іске қосатын әрі кепілдік беретін жеке мамандар болады дейді мамандар.
"Біз газды үйге дейін әкеп береміз, ары қарай оны кепілдігімен басқа мамандар іске қосады, біздің пешке жақындауға заңды түрде құқымыз жоқ. Ал оқиға болған үйде бірнеше жылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істеген. Егер хабарласып, газ дұрыс болмай тұр десе, біз дереу барып көреміз. Бірақ бізге бұл отбасы хабарласып көмек сұрамады", - дейді "Газпроектстрой" ЖШС мамандары.
Қазіргі күні оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.