Павлодар облысында жылына миллион тонна болат өндіретін зауыт салынады

Sputnik
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. "Railways Systems KZ" компаниясы Екібастұзда жаңа буынды электрометаллургиялық зауыт салуға ниетті.
Құрылысы 208 млрд теңгеге бағаланатын кәсіпорын ашылса, жаңадан 1000 жұмыс орны пайда болады.
Кеншілер қаласының индустриялық аймағында жылына 1 млн тонна жоғары технологиялық болат өндіретін жаңа зауыт салынады деп күтіліп отыр. "Railways Systems KZ" компаниясы бұл жобаға 208 млрд теңге қаражат құймақ ниетте.
"Кәсіпорында 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Бұл жоба біздің өңір үшін жоғары шекті кластерлерді құруға бағытталған басымдықтардың бірі болмақ. Жоғары технологиялық кәсіпорын Екібастұздың әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейтеді. Зауыттың әу бастан жоғары экологиялық және әлеуметтік стандарттарды ескере отырып жобалануы маңызды болып отыр",- деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігінен.
Металлургия зауытының ашылуы 2028 жылға жоспарланған. Металлургия өнімдерінің 40%-ға дейінгі көлемін ТМД және Еуроодақ елдеріне экспорттау көзделіп отыр. Жоба электрометаллургия саласындағы ірі еуропалық инжинирингтік компаниямен бірлесіп іске асырылады. Озық технологиялардың көмегімен балқыту және легирлеу процесі әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 20-50%-ға дейін жеделдетіледі. Осының арқасында энергия қуатын тұтыну жартылай азаяды.
Аталған жоба бойынша Павлодар облысының әкімдігі мен "Railways Systems KZ" ЖШС компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Тау-кен өндірісі үшін тарихи оқиға: Қазақстанда вольфрам өңдейтін зауыт ашылды