Биылғы оқу жылынан бастап 181 мың бала жөндеуден өткен мектепте оқып жатыр

Биыл еліміздің 280 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді
Sputnik
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Оқу жылының басынан бері 181 мыңға жуық оқушы жаңартылған мектептерде партаға отырды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Биыл еліміздің 280 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептердің шатыры ауыстырылып, ғимараттар мен терезелердің қасбеттері жаңартылды, сондай-ақ ішкі инженерлік коммуникациялар су құбыры, кәріз, жылыту жүйелері және электр желілері жөнделді. Сейсмикалық белсенділігі жоғары өңірлердегі мектептерді сейсмикалық күшейтуге ерекше назар аударылды.
"Бүгінгі таңда күрделі жөндеумен қатар, шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдарда жеті бағыт бойынша заманауи стандарттарға сай 1000 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілуде", - деп жазылған хабарламада.
Жаңғырту балаларға қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту және оқу процесінің сапасын арттыру арқылы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Бұл жұмыстың аясында күрделі жөндеу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды және қауіпсіздік шарттарын жақсарту жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда 780 ауылдық мектептегі жаңғырту аяқталды.
Сонымен қатар биыл 1383 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, оның 843-і орнатылды.