АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын арнайы карта әзірленді. Енді бұл карта арқылы 15 сала бақылауға алынады. Бұл туралы қалалық антикор басшысы Қанат Сүлейменов брифингте айтты, деп хабарлады Otyrar.kz.
Егер де жемқорлық фактісінің жолын кесу мүмкін болмаса, бұл картаның көмегімен жедел тергеу жұмыстарын жүргізуге болады.
Егер жемқорлық фактісін алдын ала хабарласаңыз, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жемқорлық сомасынан 10 пайыз үстем ақы ала аласыз.
Дәл солай жыл басынан бері шымкенттік 5 тұрғын жемқорлық фактісін хабарлап, 8,8 млн теңге үстемақыға ие болған.
Жалпы биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінде 123 қылмыстық іс тіркелген. Оның 88-і жемқорлық, 31-і мемлекеттік қызметкердің сыбайластық айласы бойынша орын алған.
Жемқорлық тәуекелдерін бақылайтын карта: білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, сот, полиция және мемлекеттік сатып алу сынды маңызды 15 саланы қамтиды. Биыл мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бюджеттен 6 млрд теңге үнемделіп отыр. Қалалық антикор басшысы Қанат Сүлейменов бұл бақылау артық шығындардың алдын алады дейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент шаһардағы жемқорлықтың үлесі көп салаларды атады. Ол білім беру және құқық қорғау салалары екен. Енді жоғарыда айтылған жемқорлық тәуекелдерінің картасы осы салаларды жіті бақылап, жемқорлықты жоюды көздеп отыр.