Иранда студент қыз хиджабқа қатысты ескертуден кейін көшеде киімін шешіп тастады

Бойжеткен қамауға алынған
Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Тегеранда Азад ислам университетінің студенті хиджабқа қатысты ескертуден кейін далада киімін шешіп тастады, деп хабарлайды Iran International.
Бұл оқиға 2 қарашада болған. Көшеде шешінген студент қыз қамауға алынды.

"Тегерандағы Азад ислам университетінің қауіпсіздік қызметі оған хиджабты дұрыс кимегені үшін ескерту жасады деген мәлімет бар. Осыдан кейін студент қыз наразылық ретінде киімін шешіп тастады. Сол үшін қамауға алынды", — делінген хабарламада.

Студенттер де хиджабқа қатысты ескерту жасалды деп отыр. Ал жоғары оқу орнының өкілі студент қыздың қамауға алынғанын растады.
Иранда хиджаб кию – міндет. Оны заңмен бекітіп қойған. Ислам қылмыстық жазалар туралы заңның 638-бабына сәйкес, қоғамдық жерде хиджабсыз жүргені үшін 10 күннен екі айға дейін қамауға алу немесе ақшалай айыппұл қарастырылған. Бірақ хиджабты киюге қатысты заңды нормалар әлі толығымен бекітілген жоқ. Парламент төрағасы Мохаммад Бакер Галибафтың айтуынша, хиджаб туралы заң жобасын қарау жұмысы аяқталуға жақын. Таяуда оны палатаның ашық отырысында талқылайды.
Айта кетері, хиджаб мәселесі 2022 жылы болған оқиғадан кейін ушығып кетті. Қыркүйектің ортасында әдет-ғұрыпты бақылайтын патруль 22 жастағы Махса Аминиді хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстады. Екі күннен кейін қыз қайтыс болды. Оны жерлеу рәсімінен кейін Иранда наразылықтар басталды. Ал Махсаның туған жері – Күрдістан провинциясында адамдар жалпыхалықтық ереуілге шықты. Иран астанасында интернетті өшіруге тура келді.