Ақтауда ауыз су тапшы – МАЭК себебін түсіндірді

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. "МАЭК" ЖШС Ақтаудағы ауыз су тапшылығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Компания ұсынған мәліметке сәйкес, жылумен қамтамасыз ету кезінде ауыз судың біраз бөлігі жылу жүйелерін толтыруға кетеді. Қазіргі су тапшылығына себеп болып отырған негізгі мәселелердің бірі осы.
"Сонымен қатар жылу маусымы басталғалы бері "МАЭК" ЖШС өндіретін ауыз судың бір бөлігі қала халқын жылы сумен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Ол да ауыз су тапшылығына әсер етіп отыр", - дейді компания мамандары.
Қазіргі кезде суды тұщыландыратын "Каспий" зауытын кеңейту шаралары аяқталуға жақын. Оны кезең-кезеңмен іске қосады. Сол кезде ауыз судың көлемі де біртіндеп артады.
"Бұдан бөлек, 46 шақырымды құрайтын Күйліс-Меловое кен орнынан келетін су құбырын жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталайын деп жатыр. Соның нәтижесінде қалаға жеткізілетін судың көлемін ұлғайтуға болады", - деп атап өтті компания қызметкерлері.
Батыс Қазақстанда 129 ауылда ауыз су жоқ