АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Қазақстан 2025 жылы екі ірі автокөлік жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "Volvo Group Kazakhstan" ЖШС бас директоры Радиф Хасановпен кездесуінде айтты.
Министр Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жобалары ішкі нарыққа да, экспорттық мүмкіндіктерге де бағдарланғанын атап өтті.
"Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін біз құрамдас бөлшектерді өндіретін 10 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, бұл өндіріс құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді", - деді министр.
Министр мемлекет тарапынан қолдау шаралары, оның ішінде қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған инвестициялық келісімшарттар мен өнеркәсіптік құрастыру шарттары негізінде жеңілдіктер беру туралы да айтты.
Қанат Шарлапаев қазақстандық тараптың болашақ бірлескен жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін растап, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміт білдірді.