АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы ауылдардың бірінде 12 жастағы оқушының жылдар бойы зорланып, кейіннен жүкті болып қалғаны туралы ақпарат елді дүр сілкіндірді. Күдікті ретінде қыздың екі ағасы ұсталды. Ауылға Sputnik Қазақстан тілшісі арнайы барып, оқиғаның мән-жайын біліп қайтты.
Ауылда 250 отбасы тұрады. Бұрын-соңды мұндай сұмдықты естімеген тұрғындар әлі күнге ес жия алмай жүр.
"Естіп есіміз шықты. Күдікті деген кісінің оғаш қылығын көрмедік. Тіпті сенгіміз келмейді", - дейді ауыл тұрғындары.
Sputnik Қазақстан тілшісі әкімдік мамандарынан да жағдайды сұрап білді.
"17 қыркүйекте әкімдік аппаратында жиналыста отыр едім, аудандық полиция "мына кісіні танисыз ба?" деп ер адамның фотосын жіберді. Не болды деп сұрасам, қарындасына тиісіпті деді. Ауданнан ауылға келсем, ел дүрлігіп кеткен. Сол күні полиция мен ауыл жігіттері 50 шақырымға дейін жаяулатып, ол адамды іздедік, бірақ таппадық", - дейді ауыл әкімі Қамбар Атаев.
Күдіктілердің үлкенінің аты – Ерғали, кішісі – Нұрғали. Олар жасөспірім қыздың бір атадан туған ағасы. Үлкені қара шаңырақта, яғни жасөспірімнің әкесінің үйінде, сол үйдің баласы болып тұрған.
"Күдікті деген екі кісінің үлкенін, яғни оқушының үйінде тұрған ағасын жақсы танимын, ал екіншісі Алматыдан келіп кетіп жүретін. Бұл екі күдіктінің әкесі өмір бойы мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан кісі. Бірақ осы уақытқа дейін бір де бір рет екеуінің оғаш мінезі туралы естімедім" , - дейді Қамбар Атаев.
Ерғали ауылда техника жөндеп күнін көрген. Кезінде екі ағайынды бетон шығаратын жерде жұмыс істепті. Ал жүкті болды деген оқушының әкесі біраз жыл бұрын қайтыс болған, ал анасы балабақшада еңбек еткен.
"Оқушының жүкті екені қалай анықталғаны белгісіз, естуімше ауруханаға апарғанда анықталған. Біз анасын да, қызды да көрмедік", - дейді әкім.
Ал осы ауылда өмір бойы тұрған ауыл әкімдігінің бас маманы Қанат Көпбаев оқиғаға әлі сенбейтінін айтады.
"Осы уақытқа дейін біреуді ұрып-соққан емес. Жалпы күдіктілер бес ағайынды, бір де біреуі кісінің алдынан кесіп өтпеген", - дейді Қанат Көпбаев.
Ауыл әкімінің мәліметінше, оқушының жүктілігіне қанша ай болғаны белгісіз.
Мәселенің мән-жайын мектеп мамандарынан да сұрап көрдік. Айтуларынша, оқушы өте тәртіпті, тіпті қатарлас бозбалалармен де сөйлеспейді. Сабақ үлгерімі жақсы, өте белсенді. Сабақтан еш қалмайды.
"Қыркүйекте сабақ басталғанда түк өзгеріс байқалмады. Не дене бітімінде, не мінезінде. Денсаулығы болмай жүргенін сынып жетекшісі соңғы күндері ғана байқап, психологқа оқушымен сөйлесіп көруді өтінген. Одан бұрын сынып жетекшісі қыздың анасына хабарласып, денсаулығын тексеруді сұраған. Бұл әңгіме жұма күні айтылды. Бірақ бала дүйсенбі күні сабаққа келмеген. Анықтап сұрап едік, анасы қызын Шуға ауруханаға алып кеткен", - дейді мектеп директоры Гүлжанат Манашева.
Күнделікті таңертең оқушыларды есіктен күтіп алатын мектеп мамандары сейсенбі күні де оқушының сабаққа келмегенін байқайды.
"Бала сабаққа келмегендіктен бірден ата-анасына хабарластық. Телефон тұтқасын қыздың жеңгесі көтеріп, оқушының жүкті екенін айтты. Мен білім бөліміне бірден хабарласып, қыздың туыстарын Шудан Мойынқұмға шақырып, полиция бөліміне барып арыз жаздық", - дейді Гүлжанат Манашева.
Қазіргі күні оқушы сабақты онлайн оқып жатыр, дағдарыс орталығына орналастырылған. Психолог та, мұғалім де күнделікті жұмыс істеп жүр. Айта кетері, оқиға болардан бұрын оқушы психологқа шағымданбаған.
"Оқушы қазір де сабағын өте жақсы оқып жүр, көңіл-күйі де жақсы. Еш шағым айтпайды. Бұған дейін бірнеше сауалнама жүргізілген. Бірақ қыз зорлық-зомбылық туралы ешбір белгі бермеді", - дейді мектеп психологы Жанат Жаппарова.