АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Канаданың пайымдауынша, Украинаның Ресей аумағындағы әскери нысандарға ұзақ қашықтықтағы қаруды қолдануына рұқсат беру керек, деп мәлімдеді Канада сыртқы істер министрі Мелани Жоли.
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін НАТО елдері Киевтің ұзақ қашықтыққа арналған қаруын қолдану мүмкіндігін талқылай отырып, Украина қақтығысына тікелей қатысу мәселесін шешіп жатқанын айтқан.
"Канаданың ұстанымы мынадай: біз украиндарға Ресейдегі әскери нысандарға қарсы ұзақ қашықтықтағы қаруды қолдануға рұқсат беруіміз керек. Біз одақтастарымызбен кездесуде осы ұстанымды талап етуді және дәлелдей беруді жалғастырамыз", - деді министр Канада радиосына берген сұхбатында.
Зеленский бұған дейін Украина парламентінде "жеңіс жоспарын" ұсынған, онда ол өзінің батыстық одақтастарынан Украинаға ұзақ қашықтыққа соққы беретін қару-жарақтарды, атап айтқанда "Томагавк" зымырандарын жеткізуді сұраған.
Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді және НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Киев үшін қару-жарақ бар кез келген жүк Ресейдің заңды нысанасына айналатынын айтты. Оның пікірінше, АҚШ пен НАТО қару-жарақ жеткізумен ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания, Германия, Италия және басқа да елдерде кадрларды дайындаумен қақтығысқа тікелей қатысып отыр.