АЛМАТЫ, 31 қазан – Sputnik. Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық соты анасының танысын пышақтады деп айыпталған 19 жастағы Нұрболат Өмірзақовты кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ал сотталушының анасы Динара Алпысбаева істің бұрмаланғанын айтады. Sputnik Қазақстан тілшісі әділдік іздеген отбасымен және үкім шығарған судьямен сөйлесті.
Сотталған 19 жастағы жігіттің анасы Динара Алпысбаева оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Айтуынша, бірнеше жыл қыр соңынан қалмай, көңіл білдіріп жүрген адам үйіне баса-көктеп кіріп, пышақпен қорқытқан.
"Оқиға былтыр 2 желтоқсанда болды. Қыздарыммен қыдырып кешке үйге келсек, таныс ер адам аулада ішіп отыр екен. Сол күні ол мені мазалаумен болды. Біз оған қарамай үйге кіріп кеттік. Ол терезені қағып, маған сыртқа шығып кет деді. Шықпай қойып едім, есігімді ұрып, тұтқаны сындырып жіберді. Оны көршім көрген. Содан шулап қоймаған соң үйге кіргіздім. Ол кіре салып мені қылқындырды", - дейді сотталушының анасы Динара.
Әйелдің айтуынша, ер адам кеңірдегіне пышақ тақап, 200 мың теңге талап еткен.
"19 жастағы балам ауысымнан келіп ұйықтап жатқан еді, қызым жүгіріп барып оятқан. Ұлым жаңағы ер адаммен алыса кетеді. Қолын қайырғанда ер адамның арқасына пышақ кіріп кетеді. Жедел жәрдем мен полицияны өзіміз шақырдық. Егер әдейі өлтірмек болсақ, сөйтер ме едік", - дейді Динара Алпысбаева.
Динараның айтуынша, ер адам бірнеше жыл қыр соңынан қалмай жүрген. Тіпті жұмыс орныма келіп, мезі етті дейді. Бірақ әйел ешбір жақын қарым-қатынас болмағанын айтады.
"Полицияға арыз жазсам, олар қамамайды, шығарып жібереді. Мас күйде келіп мазамды алатын. Соққан кездері болды, куәгерлер бар. Ажырасып кеткенмін деп мені алдаған. Жаным ашитын еді. Ол ер адам бұрынғы полиция қызметкері", - дейді Динара Алпысбаева.
Сотталушының отбасы қылмыстық іс барынша бұрмаланып, сотта бір жақты қаралды дейді.
Сот үкімін Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы Ұлан Кішібай шығарған. Мәселенің мән-жайын судьяның өзінен сұрап білдік.
"Үкім Қылмыстық кодекстің 106-бабы бірінші бөлігімен "Қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабымен қаралды. Тергеу кезінде сот сараптамасы жасалды. Жәбірленуші мен сотталушының анасы екеуі бірнеше жыл қыз бен жігіт ретінде жүріп жүрген. Өзара жазысқан хаттары бар. Дос болып жүргендіктен ақша, гүл беру деген әрекеттері болған. Барлығы нақты айғақтармен дәлелденді, куәгерлер сотта айтып берді. Сотталушының айтуынша, ол ер адамды анасының көлігінің нөмерін шешіп жатқанда бір-ақ рет көрген. Жәбірленуші бұрын полиция қызметкері болып істеген. Оның қашан қызмет істегені, қашан жұмыстан босағаны бізге керек емес, біз тексеруші орган емеспіз", - дейді судья Ұлан Кішібай.
Судьяның айтуынша, қылмыстық оқиға болатын күні жәбірленуші мен сотталушының анасы өзара келісіп, кездеспек болған.
"Жәбірленуші мен сотталушының анасы кешке кездесеміз деп келіседі, бірақ кешке әйел шыға алмайтын болып қалады. Жәбірленуші, яғни досы үйіне кірейін дейді, әйел кіргізеді. Сол кезде әйелдің 19 жастағы баласы, яғни сотталушы ұйқысынан оянып кетіп, "Сен үйде неге отырсың" деген, содан ерегес басталады. Ер адам үйден шығып кеткенде әйелдің ұлы артынан барып, белгісіз бір затпен басынан ұрады, арқасынан екі рет пышақ сұғады да үйіне кетіп қалады", - дейді судья.
Сотталушының анасы Динара Алпысбаеваның айтуынша жәбірленуші алысып жатып пышақты арқасына өзі қадап алған. Ал судья сараптама қортындысы басқаша болды дейді.
"Сараптама сотталушының айтқан уәжін жоққа шығарды. Онда пышақ жарақаты тұрған жерге адамның қолы жетпейді, қолын қайырып апарып өзіне пышақ сұға алмайды делінген. Ал жәбірленуші менен кешірім сұрамады, келтірілген шығын өтелмеді деп, 5 млн материалдық, 10 млн моральдық шығын өтеуді талап етіп отыр. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады", - дейді судья.
Ал үйде әйелдің мойнына пышақ тақап, ақша талап еткенді көрген куәгер жоқ. 15 жылдық еңбек өтілі бар судья үкім тек заң аясында шығарылды дейді.
"Әйелдің айтуынша, жәбірленуші қорқытқан, бірақ ешбір куә жоқ. Егер солай қорқытып, есігін сындырса, неге полицияға хабарласпаған. Егер солай болса оған да қылмыстық іс қозғалады. Әйел 200 мың талап етіп қорқытты дейді. Ол іс бізге әлі түскен жоқ, түссе әділ бағасы беріледі", - дейді Ұлан Кішібай.
Экс-полициядан зәбір көрдім деген әйел ажырасқан, үш баласы бар, тұңғышы сотталған Нұрболат Өмірзақов. Жәбірленушінің бес баласы бар отбасылы адам.
Қазіргі күні 19 жастағы Нұрболат Өмірзақовтың анасы сотқа апелияциялық шағым түсіргелі жатыр.