Қазақстан 2029 жылға қарай 150 млрд доллар инвестиция тартады – Тоқаев

Мемлекет басшысы еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Қазақстан 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартады. Бұл туралы арезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында айтты, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.
"Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.
Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.
"Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр", – деді президент.
Транзиттік хаб, энергетикалық қауіпсіздік: Тоқаев инвесторлар кеңесінде не жайында айтты