Алматыда қазақ тілі кіріктірілген мультимедиялық жүйелер шығарылады

Кәсіпорын Оңтүстік Кореялық Motrex Co Ltd серіктесінің технологиясы бойынша жұмыс істейді
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Spunik. Алматыда автокөліктерге арналған қазақ тілі интеграцияланған мультимедиялық жүйелер шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering зауыты ашылды.
Кәсіпорын Оңтүстік Кореялық Motrex Co Ltd серіктесінің технологиясы бойынша жұмыс істейді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын "Астана Моторс" компаниясының құрамына кіреді.
"Мультимедиялық жүйелер – бұл жоғары дәлдіктегі өндіріс, ол цифрлық технологиялар саласындағы, инженерлік саладағы бірінші дәрежелі мамандардың құзыретін талап етеді. Біздің басты мақсатымыз – локализацияның жоғары үлесі бар өндіріс циклін құру. Біз отандық шикізат пен компоненттерді барынша пайдаланамыз. Сондықтан Kazakhstan Mobility Engineering еліміз үшін маңызды мәнге ие", — деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев зауыттың ашылу салтанатында.
Kazakhstan Mobility Engineering зауыты Алматының индустриалды аймағында орналасқан. Кәсіпорын 100 мың шаршы метр аумақта автокөлік бөлшектерін шығаратын ірі технопарктің құрамына енеді. Аталған жоба өндірісті локализациялауға және қазақстандық автоөнеркәсіпті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Алматы индустриалды аймағы аумағында автокреслолар, автокөліктерге арналған резеңке және пластик бұйымдарын шығаратын зауыттар мен логистикалық хабты іске қосу жоспарланып отыр.
Барлық технопарктің техникалық өндірістік қуаты жылына шамамен 100 мың жиынтықты құрайды. Кластер аумағында 90-нан астам маман жұмыс істейді, ал бүкіл өндірістік кешен қызметкерлерінің штаты шамамен 400 адамға жетеді деп жоспарлануда.