АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Павлодардың әлеуметтік мекемесінде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққан, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.
Облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Шара барысында облыстық психоневрологиялық балалар орталығының бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактілері анықталды.
Денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар үнемі күтімді қажет ететін балалар осындай зомбылыққа ұшыраған.
Прокуратура мәліметінше, орталықтың қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, ол полиция департаментіне тапсырылды.