АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Оңтүстік облыстарда су қоймалары 55 %-ға толған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23%-ға артық, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бүгінгі таңда оңтүстіктегі су қоймалары келесі жылғы суару маусымына су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Ал солтүстік, батыс және шығыс облыстардың қоймаларынан су жіберілуде. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдау үшін бос орын дайындау үшін жасалады.
Бүгінгі таңда солтүстіктегі су қоймалары 79%-ға толы. Батыс облыстар бойынша су қоймаларының орташа су жинау көлемі 44%. Шығыстағы су қоймалары 89%-ға толы болса, орталық Қазақстандағы су қоймаларында 85% су бар.
"Бүгінгі таңда барлық су қоймасы бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Алайда жұмыс кестесі су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетіледі. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында министрлік барлық облысқа су басу қаупін азайту жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыратын жер снарядтар секілді мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, өзен арналарын тазарту жөнінде ұсыныс жіберді", - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.