АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 5 мыңнан астам трактор мен комбайн шығарылды. Бұл туралы үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Кейінгі 5 жылда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында өндіріс көлемі 4 есеге өсті.
"Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам трактор мен комбайн шығарылды", - деді министр.
Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістің, оның ішінде CLAAS, Horsch, Deutz Fahr әлемдік брендтерінің заманауи техникасымен қамтамасыз етілген. Биыл жаңа ірі инвесторлар – Amazone және Zoomlion келді.
Ірі габаритті бөлшектер өндірісі іске қосылды: трактор кабиналары мен комбайн бункерлері.
Өндірушілер мен сабақтас өндірістер арасында кооперация жолға қойылған. Қостанай қаласында Локализация орталығы құрылды, онда компоненттік базаны өндіру бойынша цехтар ұйымдастырылды.