АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов ЕАЭО нарығында қазақстандық өнім үлесін арттыруды тапсырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс. Қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеу қажет.
"Біздің алдымызда локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Бұл ретте жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндірісті дер кезінде жаңғыртып отыру маңызды", — деп атап өтті Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Сонымен қатар премьер-министр заманауи цифрлық және өнеркәсіптік технологияларды енгізудің, өндірістік процестерді роботтандыру мен автоматтандырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы $31,6 млрд-қа бағаланады. Оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Бүгінде Қазақстан аккумуляторлар, трансформаторлар, кабелдер, локомотивтер, автомобилдер мен автобустар экспорттайды.