АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Орал қаласында бірнеше адамды алдап, алаяқтық жасаған тұрғын 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қала тұрғыны жеке кәсіпкерлік ашып, жиһаз шығарамын деген желеумен цех ғимаратын жалға алып, сөйтіп қылмыстық әрекеттерін жасырған.
Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ әртүрлі интернет-жарнама платформаларында жиһаз жасауды ұсынатын ақпаратты орналастырған. Содан кейін өзін кәсіпкерлік қызметті атқаратын адам ретінде көрсетіп, тұтынушылардың үйіне келіп, қажетті өлшемдерді жасап, кейіннен тапсырыстың орындалатынын айтып сендірген.
"Жалған жиһаз жасаушы азаматтарға жиһаздың қосалқы заттарының фотосуреттерін жіберген, сонымен қатар материалды сатып алу үшін басқа адамдармен келісімдер бар деп сендірген. Осылайша жәбірленушілерді алдаған. Соның салдарынан 7 жәбірленушіге 8 млн 633 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген", - делінген хабарламада.
Сотта сотталушы жәбірленушілермен азаматтық-құқықтық қарым-қатынастың бар екенін алға тартып, кінәсін мойындамады. Алайда мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сөйтіп ол екі немесе одан да көп адамға қатысты ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.