Үш күнде ұсталған 19 адам он бес жылға дейін сотталуы мүмкін

6 адам есірткі зертханасын ұйымдастырды, ал 13 адам есірткі сатты деген күдікке ілінді
Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Қазақстанда үш күннің ішінде есірткі дайындайтын төрт зертхана анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Есірткі зертханаларын анықтау барысында алты адам ұсталды. Олардың екеуі – шетел азаматы. Бұдан бөлек, республика бойынша 13 есірткі сату фактісі және 9 сақтау фактісі анықталды. 35 келіден астам есірткі тәркіленді. Соның ішінде 24 келі "синтетика" және 11 келі марихуана бар. Осы қылмыстар бойынша 13 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша бес жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде және адамдар тобымен жасалған әрекет үшін он бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.