АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Қазақстан – Ресей үшін жақын көрші ғана емес, сонымен қатар сенімді одақтас және интеграциялық серіктес. Бұл туралы РФ-ның Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтауында айтты, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі.
"Біздің халықтарымызды тарихи тамыры тереңде жатқан берік достық біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас өзара егемендікті, аумақтық тұтастықты құрметтеудің және бір-бірінің ішкі ісіне араласпаудың берік негізіне құрылған", - деп атап өтті елші.
Оның айтуынша Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әртүрлі салада зор жетістіктерге қол жеткізді.
"Бұдан біз қазақстандықтардың өз Отанының мүддесіне деген бірлігі мен адалдығының, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі жігерлі және еңбекті жұмыстың нәтижесін көреміз", - деп толықтырды Алексей Бородавкин.
Ол Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі барған сайын артып жатқанын атап өтті. Халықаралық істердегі елеулі беделі мен құнды тәжірибесінің арқасында, Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге маңызды үлес қосып жатыр.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы – саяси, әлеуметтік және экономикалық өрлеу жолымен сенімді жүріп келе жатқан қазіргі заманғы тиімді құқықтық мемлекет.
"Ресей мен Қазақстан арасындағы одақтастық қатынастар мен интеграциялық байланыстарды бағалаймыз. Екіжақты негізде, сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тең құқылы, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту біздің мемлекеттеріміздің ортақ мүдделеріне жауап беретініне және жаңа еуразиялық қауіпсіздік пен серіктестіктің архитектурасын қалыптастыру жөніндегі күш-жігермен үйлестіре сәйкес келетініне сенімдіміз", - деп түйіндеді Ресей елшісі.
Бородавкин сөз соңында қазақ халқына шын жүректен амандық пен өркендеу, сондай-ақ Әділетті Қазақстанды құру жолында табыс тіледі.