Әлем елдерінің көшбасшылары Қазақстанды Республика күнімен құттықтады

Sputnik
АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Ақорда Қазақстан президентінің атына Республика күніне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттарының тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанды бірінші болып құттықтаған президенттердің бірі - Владимир Путин. Ресей басшысы өзінің жеделхатында Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық салаларда үлкен жетістіктерге жеткенін, ал аймақтық және халықаралық істерде маңызды әрі конструктивті рөл атқарын жатқанын ерекше атап өтті.
"Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін", – деп жазды Владимир Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин де Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түскенін атап өтіп, бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде өз халқының шынайы қуанатынын жеткізді. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынас ортақ тіліміз бен тарихымыздан және мәдениетімізден қуат ала отырып, одан әрі тереңдей түсетініне кәміл сенетінін атап өткен.
"Қазақстанның түркі әлемінің бірлігіне ерекше мән беруін және Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтудағы жетекші рөлін жоғары бағалаймыз", – дейді Ердоған.
Ал Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт екі жақты стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделгеніне назар аударған.
"Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз", – деді Байден.
Бұдан бөлек, өз құттықтауын Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Татарстан Раисы Рустам Минниханов Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Рим Папасы Франциск, Жапония Императоры Нарухито, Марокко Королі VI Мұхаммед, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Бельгия Королі Филипп, Швеция Королі Карл Густав, Испания Королі VI Фелипе, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Үндістан Президенті Драупади Мурму, Корея президенті Юн Сок Ёль, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум және басқа да 50-ден астам елдің басшысы мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері өз құттықтауын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты