АЛМАТЫ, 25 қазан - Sputnik. Ақтөбеде жәбірленушіге көмектеспегені үшін сотталған төтенше жағдай қызметкерінің жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Апелляциялық алқаның 21 қазандағы қаулысымен сотталушы К-ға қатысты (ТЖД қызметкері) соттың үкімі өзертіліп, оған 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.
Еске сала кетейік, 9 маусымда Ақтөбе облысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері көмек сұраған адамның өтінішін елеусіз қалдырған. Салдарынан жәбірленуші көз жұмған.
Бірінші сатыдағы сот 18 қыркүйекте болды. Іс Ақтөбе қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі "Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады" деген айыппен қаралды. Кінәлі құтқарушыға екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді.