Желтоқсанда жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталады

Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады
Sputnik
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және тау-кен секторларында жиынтық сомасы 28,8 трлн теңгеге 44 ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы есебі тыңдалды.
23 жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар немесе құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісімшарттар жасалды, оның ішінде 15 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қалғандары іске асырудың түрлі кезеңдерінде.
Мәселен, Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын салу жобасы шеңберінде биылғы қыркүйек айында "Алматы – Байсерке – Талғар" магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. "Талдықорған – Үшарал" магистралды газ құбырын салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру" және "№3 және №4 энергия блоктарын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2 кеңейту" жобалары бойынша ЕРС-келісімшарттарға қол қойылды.
Сонымен қатар Атырау облысында полиэтилен өндіру және Көкшетау қаласында ЖЭО салу саласындағы ауқымды жобалар бойынша жұмыс басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін мұнай-химия зауытын салу жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы құрылыс жұмыстарын бастау 2025 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған. ЕРС-мердігер, Tecnicas Reunidas S.A. (Италия) және Sinopec Engineering Incorporated (ҚХР) компанияларының консорциумы ұзақ дайындау циклінің жабдықтарына тапсырыстарды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуде, инженерлік іздестіру жүргізу мақсатында алаңға қазақстандық қосалқы мердігер компания жұмылдырылды. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Отырыста жыл басынан бастап отандық өндірушілермен жалпы сомасы 1 трлн теңгеден асатын 8 917 шарт жасалғаны баяндалды. Осылайша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда отандық өндірушілерден сатып алу көлемі екі еседен астамға артқан.
Премьер-министр Қордың отандық өндірілген тауарларды жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
"Отандық тауар өндірушіні жан-жақты қолдау саясаты өз нәтижесін беруде. Біз бұл шараларды жалғастырып, қазақстандық қамту үлесін арттырамыз. Ішкі ресурстарымыздың есебінен импортты көбірек алмастыруға ұмтылуымыз керек", — деді Олжас Бектенов.