АСТАНА, 23 қазан - Sputnik. Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қоймалық куәліктерін шығару (беру), айналымы және өтеу қағидалары туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлады парламенттің баспасөз қызметі.
Қойма куәлігі – тауарларды тауар қоймасындв сақтауға қабылдауды растайтын бағалы қағаз.
Құжатқа 2023 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей Мәскеуде қол қойғаны хабарланды.
"Келісім ЕАЭО шеңберінде қоймалық куәліктерді (құжатсыз эмиссиялық емес бағалы қағаздар) пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған", - делінген хабарламада.
Қойма куәліктері шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері ЕАЭО елдерінің заңнамасымен айқындалады. ЕАЭО елдерінде шығарылған (берілген) қойма куәліктерінің тізілімдеріне енгізілген және шарт талаптарына сәйкес келетін қойма куәліктерін осы мемлекеттер өзара таниды.
Парламент келісімді ратификациялау қойма куәліктерін ұстаушыларға өздерінің кепілзатына оларға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік беретінін түсіндірді. Сондай-ақ, электронды сауданы дамытуға жағдай жасай отырып, қазақстандық астық қолхатын насихаттау мен пайдалануға ықпал етеді.