"Еден суық, матрас жоқ": Жаркент балабақшасындағы жағдайдың мән-жайы анықталды

Ата-аналар балабақшаның қандай жағдайда екенін видеоға түсіріп көрсеткен еді
Sputnik
АЛМАТЫ, 24 қазан - Sputnik. Алматы облысы Жаркент қаласындағы жекеменшік балабақшадан шу шықты. Ата-аналардың айтуынша, бүлдіршіндер матрассыз ұйықтап, суық балабақшада жүр. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі барып көрді.
Шу шыққан балабақша Жаркент қаласындағы "Babyland" бөбекжай-балабақшасының қосымша филиалы ретінде былтыр сәуірде ашылған. 75 баланы мемлекеттік тапсырыспен қамтып отыр. Жайсыз оқиға әлеуметтік желіде жарияланған күні-ақ балабақша тексерілген.
"Еден суық, матрас жоқ": Жаркент балабақшасындағы жағдайдың мән-жайы анықталды

"Бізге ата-аналар тарапынан жылу жоқ, матрассыз ұйықтайды деген шағымдар айтылды. Сол оқиға бұрын демалыс күндері балалар болмайтындықтан, жылуды азайтқанымыз рас. Бірақ таңертең ерте келіп қосылды. Ол әдеттегі жағдай еді", - дейді "Babyland" балабақшасының меңгерушісі Мервангүл Мансурова.

Ал балалар матрассыз ұйықтайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, дейді олар.
"Бұл бейнежазба таңертең түсірілген. Біз әдетте матрастарды күнге жайып аламыз. Сол демалыс күндері матрастарды жайған едік. Балалар ұйықтайтын уақытқа қарай оны төсейміз. Жалпы балалардың төсектері санэпидемиологиялық тексеруден өткен, стандартқа сай", - дейді меңгеруші.
Аудандық білім бөлімінің мамандары комиссиямен барып тексерген. Тәжірибесі мол жекеменшік балабақшадан бұған дейін ешқандай кемшілік анықталмаған.
"Бұл балабақша барлық талапқа сай болғандықтан ашылды. Бейнекамералар, тәрбиешілердің біліктілігі барлығы мұқият тексерілген. Жеке үйде емес, үлкен ғимаратта орналасқан. Матрастары да, жылуы да тексерілді. Ата-аналар видео жариялаған күннің ертеңінде "барлық кемшілік жойылды" деп бірден келесі видеоны жариялады", - дейді Панфилов аудандық білім бөлімінің жекеменшік балабақшалар жөніндегі әдіскері Райгүл Қарабалаева.
Жекеменшік және мемлекеттік балабақшаның айырмашылығы мемлекеттік тапсырыста ғана, ал бала үшін айына төлейтін ақша мөлшері бірдей.
Жалпы ауданда 2007 жылы небәрі үш балабақша болған, қазіргі күні 12 мемлекеттік, 59 жекеменшік балабақша мен 18 шағын орта бүлдіршіндерді тәрбиелеп жатыр. Барлығы 8 мыңнан астам бала балабақшамен қамтылған.
"Babyland"-ті ашқан кәсіпкер, меңгеруші және шаруашылық жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді. Егер бұл балабақшада кемшіліктер тағы орын алса, 2025 жылы қаңтар айынан мемлекеттік тапсырыс беру тоқтатылады. Жалпы балабақшалардағы ең үлкен проблема – тәрбиешілер тұрақты жұмыс істемейді. Бәрінің айтатыны - ата-аналармен сөзге келетіндігі, қысқасы тәрбиешілер шыдамайды", - дейді Райгүл Қарабалаева.
Ата-ананың көңілінен шықпаған тәрбиешіні меңгерушілері жұмыстан шығаруға мәжбүр, салдарынан бала біткен тұрақты тәрбиешіге бейімделе алмай жүр.