Алматыда жер сілкінсе, шатырлы қалашық ашылады – министр

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы мәжіліс депутаттары алдында ведомствоның үш тоқсандағы жұмысы туралы есеп берді
Sputnik
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыда жойқын жер сілкінісі болған жағдайда халық шатырлы қалашыққа көшірілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, шатырлы қалашық Түрксіб ауданында ашылады. Оған 173 гектар ашық жер бөлінген. Жол торабы қарастырылған. Теміржол да алыс емес. Шатырлы қалашықта әрбір зардап шеккен адамға жылы киім мен қорғаныс құралдары беріледі деп жоспарланып отыр. Медициналық құрал-жабдықтар да болады.
"Шатырлы қалашықта жатын орындар, үш күндік тамақ, жалпы барлық қажетті зат болады. Әзірге оған 50 мың адам сыяды. Мақсатымыз – 1 миллион орын жасақтау", - деді Әрінов мәжілісте өткен отырыста.
Осы орайда министр шатырлы қалашыққа арналған орын ең қауіпсіз жер екенін ерекше атап өтті, жанында биік ғимараттар жоқ.