АСТАНА, 22 қазан - Sputnik. "Шымкент-Астана" бағытындағы пойызда жолаушы әйел босанды, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі.
"Жолаушы Кенжеева күйеуімен жүктілігінің соңғы айында Шымкенттен Астанаға бет алған. 21 қазаннан 22 қазанға қараған түні №86 "Шымкент-Астана" пойызында келе жатқанда оны толғақ қыса бастаған. Пойыз басшысы Қарақұлова Гүлшат пен жолсерік Адамбаева Анара қажетті көмек көрсетіп, әйелді аман-есен босандырып алды", - делінген хабарламада.
21 қазан сағат 23:55-те дені сау қыз дүниеге келді.
Компания хабарлағандай, пойыз бригадасының қызметкерлері әдеттен тыс жағдайларда әрекет ету үшін алғашқы көмек көрсету бойынша үнемі даярлықтан өтеді. Соңғы 3 жылда ұлттық тасымалдаушы пойыздарында 14 сәби дүниеге келген.