Лавров Қазақстанның БРИКС бойынша ұстанымына қатысты пікір білдірді

РФ СІМ басшысы бірігудің маңызы туралы айтты
Sputnik
АСТАНА, 21 қазан - Sputnik. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның БРИКС бойынша ұстанымына қатысты пікір білдірді.
“Аргументы и факты” басылымына берген сұхбатында Лавров бұл ұстанымды нақтылау қажет екенін айтты.
“Қазақстан басқа да көптеген ұйымдардың, атап айтқанда, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркияның бастамасымен қазір байланыстарды нығайтып, өркендеп келе жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді мүшесі болып табылады. Ұйым Орталық Азиядағы одақтастарымыз бен стратегиялық серіктестеріміздің өкілдеріне үлкен көңіл бөледі”, - деді Лавров.
Мұның ешқайсысы Қазақстанның да, Орталық Азияның басқа елдерінің де әмбебап құрылым болып табылатын БҰҰ-ға белсенді қатысуына кедергі келтірмейді, деді ресейлік сыртқы істер министрі.
“Менің ойымша, сайып келгенде, біздің оңтүстіктегі көршілеріміз, ҰҚШҰ-дағы, ЕАЭО-дағы одақтастарымыз БРИКС-пен жақындасудың тікелей пайдасын көреді. Қосылу міндетті емес, бірақ нақты жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатуда күмән жоқ. Бұл бәріміздің мүддемізге сай”, – деді Сергей Лавров.
Сонымен қатар, Ресей сыртқы істер министрі БРИКС-тің маңызды рөлі туралы айтты. Бұл – қатысушы елдердің әлеуетін толықтыру және осы әлеуетті барлығына пайда әкелетіндей қолданудың ортақ жолдарын әзірлеу, деді ол.
“БРИКС жаһандық экономикада бұрыннан басталған процестерді көрсетеді. Экономикалық өсудің жаңа орталықтары пайда болып, олармен бірге қаржылық ықпал, ал қаржылық-экономикалық әсермен бірге саяси ықпал да пайда болады. Бірнеше ондағанжылдан астам уақыт бойы әлемдік дамудың орталығы Еуро-Атлантикадан Еуразия мен Азия-Тынық мұхиты аймағына ауысуда”, - деді Лавров.
Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Қазақстанның БРИКС бойынша ұстанымын құрметтейтінін айтқан.
Еске салайық, Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли қазіргі уақытта және жақын болашақта Қазақстан БРИКС-ке мүшеліктен өтініш беруден бас тартатынын айтты.