Биыл 7 миллиард теңгенің есірткісі тәркіленді

21 адам түрмеге қамалды, арасында шетел азаматтары да бар
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 қазан – Sputnik. Биыл "қара нарықтағы" құны 7 миллиард теңге болатын 1 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлады Бас прокуратура.
1 тоннадан астам есірткі заттарының 774 кг-ы героин, 155 кг марихуана, 37 кг гашиш және гашиш майы, 34 кг көкнәр, сондай-ақ 1 кг синтетикалық есірткі бар.
"Тәркіленген заттардың "қара нарықтағы" құны 7 миллиард теңгеден асады. Сондай-ақ Ираннан әкелінген героиннің ірі партиясы қолға түсті, оны қылмыстық топ тұрмыстық тауарлар ретінде жасыруға тырысқан", - дейді ведомство.
Сонымен қатар Еуропа, АҚШ және Таиландтан келген есірткі заттар салынған 50-ден астам пошта сәлемдемесі ұсталған.
"Қаржылық мониторинг агенттігі АҚШ-тан есірткі заттарын пошта арқылы контрабандалық жолмен жүйелі түрде жеткізіп тұрған арнаны жойды. Нәтижесінде он күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, 15 кг каннабис сығындысы және 8 кг марихуана тәркіленді", - дейді Бас прокуратура.
21 сотталушы түрмеге қамалды, арасында шетел азаматтары да бар.